АҚТ  ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕРІН АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

English Шет ел тілі
АҚТ  ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕРІН АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

Ағылшын тілі – әлемдегі ең кең таралған тіл. Бүкіл жер бетінде бір миллиардтан астам адам ағылшын тілінде сөйлейді екен.  Ендеше ағылшын тілін меңгерген адам дүниежүзіндегі бір миллиардтан астам адаммен тіл табыса алады. Ағылшын тілі — экономикасы қуатты, әлемдегі ең дамыған мемлекеттер Ұлыбритания мен АҚШ-тың мемлекеттік тілі, ондаған мемлекеттің ресми тілі. Дүниежүзі бойынша маңызды ақпараттардың 33 пайызы ағылшын тілінен аударылады екен. Ағылшын тілі барлық шет тілдерінің ішінде алғашқы орынды бермей келеді. Бизнес, туризм, ғылым, білім беру саласы, ғаламтор т.б. түрлі салада ағылшын тілі қолданылып, саяси кездесулер мен жиындар, спорттық жарыстар мен олимпиадалар да  ағылшын тілінсіз өтпейтініне куә болып келеміз. Елбасы айтқандай, ағылшын тілін меңгеру әрбір оқушыға, студентке үлкен мүмкіндіктер сыйлап, «әлем бойынша, еркін жүріп-тұруына» жағдай жасамақ. Сондықтан ағылшын тілін меңгеру – әрбір білім алушының басты міндеттерінің бірі.

Тіл білімінде бірнеше тілді меңгерген адамның ой өрісі де, мүмкіндігі де кең болатыны дәлелденген. «Неше тіл білсең, сонша адамсың»,-деп тегін айтылмаса керек. Көп тілді меңгерген адамдар өздерін батыл, өз-өзіне сенімді ұстайтындықтары және кез келген адаммен тіл табысу, қарым-қатынасқа түсу қиындық тудырмайтындығы дәлелденген. Егер бұрынғы дана, ғұлама адамдар өміріне көз жіберсек, олардың көбінің бірнеше тілді меңгергендігіне көз жеткіземіз. Мәселен, Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген. Ұлы Абай қазақ, орыс тілдерімен қатар араб, парсы тілдерін еркін меңгерген. Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің қиыр шеттегі туған ауылында жүріп-ақ, қазақ, орыс, түрік, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгеріп, сол тілдердегі мәліметтерді өз шығармасында ерекше шығармашылықпен қолданған және тәржіма жасаған делінеді.  Абай мен Шәкәрім орыс тілін орта жастан бастап қана меңгере бастаған, соның өзінде үлкен жетістікке қол жеткізген. Аз ғана ғұмырында ғылымға зор үлес қосып үлгерген Шоқан Уәлиханов қазақ, орыс, араб, шағатай тілдерін және түркі тілдерінің біразын білген екен. Қазақ тіл білімінің дамуына өзіндік үлесін қосқан ғалым Құдайберген Жұбанов полиглот болған.  Ақын, жазушы Мұзафар Әлімбаев татар, қырғыз, қарақалпақ тілдерінен сөздіктің көмегінсіз тәржіма жасаса,  өзбек, қарақалпақ, түрікмен, башқұрт, балқар, ноғай, қарашай атты түркі тілдес тілдердегі шығармаларды оқып, сөздікпен аударады екен. Ал қазақ тілінің дамуына үлес қосқан неміс азаматы Г.Бельгер: «Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі – шабытымның үш қайнар бұлағы» — деген екен.  Осылайша, қазақ халқының «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақалы «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасының  негізі бола алады деп айта аламыз.  А.П.Чехов «Шет тілін білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді», -деген екен. Ендеше үш тілді қатар меңгерген адам еркіндікті сезінетін, ой өрісі кең, әлемнің кез келген мәселесіне үн қоса алатын, тәуелсіз адам деуге болады.

Оқушылардың пікірінше, көп тіл білу – заман талабы. Бұл бастаманы олар болашаққа апаратын жақсы мүмкіндік деп есептейді. Алайда, қостілділік, көптілділік деп жүргенде ана тіліміздің маңыздылығын жоғалтып алмауымыз керек.

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» — деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, тіл – елдік пен тәуелсіздіктің басты тірегі, халықтың жүрегі. Ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, ана тіліміздің мәртебесін жоғары көтеріп, ұлтымыздың есімін асқақтату – басты парыз. Біздің алдымыздағы міндет – халқымыздың ұлттық дербестігін сақтай отырып, елімізді өркениетті елдер қатарына қосу. Ал бұл жолда үлкен әсер тигізіп, ықпал жасайтын ел болашағы – жастар. Сондықтан жастарды оқыту үрдісіне осы мәселелер айқын көрініс табуы керек.

Педагогика ғылымына өзіндік үлесін қосқан Мағжан Жұмабаевтың білім беру саласына қатысты айтқан мына бір сөзі әрқашан жадыда болғаны жөн. «Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек».  Ақынның сонау ХХ ғасырдың басында, осыдан дәл бір ғасыр бұрын оқыту процесіне байланысты айтқан сөзі бүгінгі күнмен де тікелей байланысты. Әр адам – өз заманының перзенті. Сол себепті жас буын өкілдері өз заманына сай білім алуы қажет.  ХХІ ғасыр ақпараттық ғасыр болғандықтан оқушылардың информатика ғылымымен теориялық тұрғыда және іс жүзінде жете танысуы өте маңызды. Информатика ғылымы жайлы толыққанды мәлімет бере отырып, болашақта ғылымға, ақпараттандыру процесіне өзіндік жәрдемін тигізетін оқушы даярлап шығарсақ нұр үстіне нұр болар еді!  Оқушылардың барлығы да информатика саласының қазіргі күндегі жетістіктерін меңгеруі маңызды болып саналады.

Бөлім бойынша өз тұжырымымызды айтатын болсақ, көп тілді білу – уақыт талабы және оны меңгеруге тырысу қажет. Ағылшын тілін меңгеру арқылы біз төмендегідей жетістіктерге қол жеткіземіз.

  1. Дүниежүзі бойынша, халықаралық тілді біліп, түрлі ұлттың өкілдерімен қарым-қатынас жасай аламыз;
  2. Мол ақпаратқа ие боламыз, нәтижесінде ғылым мен техниканың дүниежүзілік даму сипатымен, болашақ бизнестің алғашқы баспалдақтарымен танысамыз.
  3. Үш тілді білу арқылы заманның талабына сай, бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіп жетіледі.
  4. Ақпараттық ғасырда информатика пәнін ағылшын тілінде меңгеру арқылы мол мүмкіндікке ие боламыз.
  5. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!».

Омарбекова Мирамгуль С.Сейтжановна,

педагог-зерттеуші, ағылшын тілі мұғалімі

Қ.Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейі.

Жетісу облысы, Талдықорған қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *